Accessibility links

Азаттықтың Сарыағаштағы оқиға жайлы жаңалығы ашылмай қалды


Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет).
Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет).

Азаттықтың бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) Сарыағаш ауданында болған оқиғаға қатысты жаңалығы ашылмай қалды.

Азаттықтың қазақ және орыс тілдерінде жарияланған материалдарында Сарыағаш ауданының Жартытөбе ауылдық округінде ақпанның 5-інде тәртіпсіздік болғаны жазылған еді. Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасы оқиғаға қатысты Жартытөбе ауылдық округінде жергілікті қазақтар мен этникалық тәжіктер арасында "түсініспеушілік болғанын айтқан".

Бұғауланған жаңалықтар мәтінін Азаттықтың Facebook парақшасынан оқуға болады.

Кейін ОҚО ішкі істер департаменті (ІІД) оқиғаға қатысты түсінік берген. Полицияның ақпараты бойынша, Бостандық ауылында көршілес Ынтымақ ауылы тұрғынының өлімінен соң тәртіпсіздік болып, бірнеше көлік өртеніп, бірнеше үй бүлінген. ІІД оқиғадан ешкім құрбан болмағанын және ауылға қосымша полиция шақырылып, жағдай тұрақтанғанын айтады.

Азаттық сайты материалдары бұған дейін де Қазақстан аумағында бірнеше рет ашылмай қалған еді. Қаңтар айында сайттың "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымының "Қазақстанда туған, Ресей пайдасына тыңшылық етіп жүр" деген екі ер адамды атқаны көрсетілген видеосы жайлы мақалалары да ашылмай қалған.

Өткен жылы Азаттықтың Қазақстандағы Еуразия экономикалық одағын құруға қарсылық шаралары жайлы мақалалары да ашылмай қалған болатын.

XS
SM
MD
LG