Радикалды "Ислам мемлекеті" ұйымына қарсы халықаралық коалицияның үйлестірушісі, америкалық генерал Джон Аллен Ирак әскері алдағы апталарда содырлар басып алған территорияларды қайтарып алу үшін құрлықта операция бастайтынын мәлімдеді.
Иорданиялық ресми Petra агенттігіне берген сұхбатында Джон Аллен "Алдағы апталарда ирак әскері басып алынған территорияны қайтару операциясын бастағанда коалиция әуе соққылары арқылы қолдау көрсетіп отырады" деген.
Иордания соңғы үш тәулікте Сирия территориясында "Ислам мемлекеті" ұйымы позицияларына қарсы әуеден 56 рет соққы беріп, содырлардың логистикалық орталықтарын, қару-жарақ қоймалары мен жасырыну орындарын жойғанын хабарлаған.
Мюнхенде қауіпсіздік конференциясында сөйлеген АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри өткен жылдың тамыз айында "Ислам мемлекетіне" қарсы операциялар басталғалы бері Сирия мен Иракта содырлар басып алған территорияның 20 пайызы қайтарылғанын айтқан.