Accessibility links

Алматыда Герольд Бельгермен қоштасып жатыр


Бүгін Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрында Қазақстанның белгілі жазушысы, әдебиеттанушы әрі аудармашы Герольд Бельгермен қоштасу рәсімі өтті. Марқұммен қоштасуға бірнеше жүз адам жиналды.

Герольд Бельгерді ақтық сапарға шығарып салуға Германияның Қазақстандағы бас консулы Ринате Шимкорайт, Қазақстан немістері қоғамдық ұйымдарының "Возрождение" ассоциациясының төрағасы Александр Дедерер, жазушылар Мұрат Әуезов, Нұрлан Оразалин мен Олжас Сүлейменов келді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Герольд Бельгердің жақындарына көңіл айту хатын мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оқыды.

Герольд Бельгер Алматы маңындағы "Кеңсай" зиратына жерленеді. Ол ақпанның 7-сі күні 81 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Шығармаларын қазақ, орыс және неміс тілдерінде жазған Герольд Бельгер «Даладағы шағала», «Алтын асу», «Тас өткел», «Казахское слово» сынды ондаған кітаптың авторы.

Герольд Бельгер 1934 жылы қазанда Ресейдің Саратов облысында, Волга бойындағы неміс АССР-інде этникалық неміс отбасында дүниеге келген. 1941 жылы Сталиннің жарлығымен барлық немістермен бірге Солтүстік Қазақстандағы қазақ ауылына жер аударылған. Мектепті қазақ тілінде бітірген Герольд Бельгер Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы универститет) филология факультетін тәмамдаған.

1994-1995 жылдары Герольд Бельгер Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаты болды.

Биыл қаңтар айының 21-і күні алтыншы мәрте жүрек талмасына ұшыраған жазушы содан бері Алматының орталық ауруханасында жатқан еді.

XS
SM
MD
LG