АҚШ-та Facebook-ке дінге қарсы жазба жазып жүретін қарулы ер адам Крейг Стивен Хикс көлік тұрағына қатысты жанжалдан және өшпенділіктен үш мұсылманды атып тастады деп айыпталды.
46 жастағы Хикс ақпанның 11-інде Солтүстік Каролина штатының Дюрем қаласында Солтүстік Каролина университеті қалашығы жанындағы көп пәтерлі үйдің жанында үш адамды атып тастады деп айыпталып отыр. Оққа ұшқандар - Солтүстік Каролина университеті стоматология факультетінің студенті, 23 жастағы Деа Шэдди Баракат пен оның әйелі, 21 жастағы Юсор Мұхаммед, Юсор Мұхаммедтің 19 жастағы сіңлісі Разан Мұхаммед Абу-Салха.
Марқұмдардың үшеуі де гуманитарлық бағдарламаға қатысып жүрген.
Кісі өліміне айыпты наурыздың 4-іне дейін қамауға алынды.
Полиция алдын-ала тергеу нәтижелері кісі өліміне көлік тұрағына қатысты дау себеп болғанын көрсетеді дейді. Полиция Хикстің бұған дейін қылмыс жасамағанын және полицияға өзі беріліп, тергеу жұмыстарына көмектесіп жатқанын айтады.
АҚШ-тағы мұсылман белсенділері биліктен кісі өліміне діни жеккөрушіліктің қатысы бар болу мүмкіндігін тексеруді талап етуде.