Accessibility links

Березовка тұрғындары балаларға қойған әртүрлі диагнозға абыржиды


Березовка ауылының тұрғыны Қазбек Ермекбаев талып қалған 17 жасар қызы Динараны жедел жәрдем көлігіне апара жатыр. Орал, 21 қаңтар 2015 жыл.
Березовка ауылының тұрғыны Қазбек Ермекбаев талып қалған 17 жасар қызы Динараны жедел жәрдем көлігіне апара жатыр. Орал, 21 қаңтар 2015 жыл.

Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылы балаларының денсаулығын тексерген алматылық дәрігерлер оралдық мамандар қойған диагноздарды растамады. Әртүрлі диагноздан дағдарған ата-аналар талып қалған балаларын енді қалай емдетуді білмейді.

Березовка ауылында талып қалған бірнеше оқушыны тексеру үшін Алматыдағы клиникаға жөнелткеннен кейін балаларды емдеуге қатысты мәселе шешілуі тиіс сияқты көрінген. Бірақ кейбір ата-аналар «Алматыда 10 күннен көп болған балаларымыздың диагнозын көріп, тіпті дағдарып қалдық» дейді.

«ЭПИЛЕПСИЯ ЖОҚ»

Дәрігерлердің тексеруінен өтіп, ақпанның 11-і күні Алматыдан Орал қаласына ұшып келген алты баланың үшеуінің денсаулығы күрт нашарлап кеткен. Екеуі әуежайда тұншығып, есінен танып қалған. Дәрігерлер медициналық көмек көрсетіп, ес жидырған, бірақ ата-аналары балаларын ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Үйлеріне келіп, медициналық құжаттармен танысқан ата-аналар Алматыдағы республикалық «Ақсай» балалар клиникалық ауруханасы дәрігерлері Орал қаласы мамандарының диагнозын терістегенін көрген.

17 жастағы Динараның әкесі Қазбек Ермекбаевтың Азаттық тілшісіне айтуынша, сабақ үстінде бірнеше мәрте талып қалған қызына Орал қаласы мамандары қойған «эпилепсия» («қояншық») диагнозын алматылық дәрігерлер растамаған.

– Біз ол жаққа емделу үшін емес, қызымның диагнозын қойдыру үшін барғанбыз. Дәрігерлер «уланудың неден болғанын токсикологиялық сараптамасыз айта алмаймыз» деді. Қызымды тексеріп, эпилепсия диагнозын терістеді де, «церебралдық синдром, жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы» деген диагноз қойды, – дейді медициналық анықтамадағы диагнозды оқып берген Қазбек Ермекбаев.

Тағы бір оқушының – Кәмила Сағадатованың әкесі Нұрлан Жұмағазиев та осыған ұқсас жайтты баяндады. Алматылық дәрігерлер оның баласының да оралдық мамандар қойған «эпилепсия» деген диагнозын терістеген.

Дәрігерлер талып қалған баланы әкетіп барады. Березовка, 4 желтоқсан 2014 жыл.
Дәрігерлер талып қалған баланы әкетіп барады. Березовка, 4 желтоқсан 2014 жыл.

– Оралда диагнозды мүлде дұрыс қоймаған соң Алматыға барып едік, олар басқа диагноз қойып отыр. «Эпилепсия» диагнозын алып тастап, «жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы» дегенді қойды. Ал қызым үш айдан бері жергілікті дәрігерлердің айтуымен эпилепсияға қарсы дәрі ішіп жүр. Енді ол дәріні тоқтату үшін дозасын біртіндеп азайтып, тағы бір ай ішуі тиіс, – дейді Нұрлан Жұмағазиев.

Алматыдағы республикалық «Ақсай» клиникалық балалар ауруханасының басшысы Ирина Брежнева Березовкадан келген екі науқас қыздың «эпилепсия» диагнозы терістелгенін растады. Оның айтуынша, балаларға эпилепсия дерті жоғын арнайы жүргізілген тексеру мен «ЭЭГ (электрэнцефалограмма) мониторингі нәтижелері» растаған. «Дәрігерлер балалардан анықтаған белгілер улы заттың зардабы болуы мүмкін бе?» деген сұраққа аурухана мамандары «мұны токсикологиялық сараптама арқылы ғана анықтауға болады, бірақ ондай сараптама Алматыда жасалмайды» деп жауап берді. Алматы клиникасы қызметкерлері Березовка ауылы балаларын тексеруге қатысты өзге жайттарды айтпады.

«ДӘРІГЕРЛІК ҚҰПИЯ»

Алматыдағы дәрігерлердің тексеруінен оралған тағы бір баланың әкесі Тілек Темірғалиев 11 жастағы Темірланды халық емшісіне көрсету үшін бүгін Орал қаласына әкелген.

– Қазір қолымда жоқ болғандықтан алматылық дәрігерлердің ұйғарымын сізге оқып бере алмаймын. Бірақ оны Орал дәрігерлерінің қойған диагнозбен салыстырып көргенмін, онда мүлде басқа диагноз жазылғаны есімде. Ұлымды емдетуді тоқтатпаймын, бірақ әзірше нақты қалай емдетуді білмеймін, баламның жағдайы жақсармай тұр, – дейді Тілек Темірғалиев.

Энергетика министрі орынбасары Ұзақбай Қарабалинмен кездескен тұрғындар ауылдарын көшіруді талап етіп отыр. Березовка, 20 қаңтар 2015 жыл.
Энергетика министрі орынбасары Ұзақбай Қарабалинмен кездескен тұрғындар ауылдарын көшіруді талап етіп отыр. Березовка, 20 қаңтар 2015 жыл.

14 жастағы Алинаның анасы Зүлфия Құсманғалиева «ауылдың үлкен-кішісі мұның бәрінен шаршады» дейді. Оның айтуынша, мұнай-газ конденсатын өндіретін Қарашығанақ кенішінің іргесінде орналасқан ауылда балалардың неден уланғанын жұрттың көбі онсыз да біледі.

– Дәрігерлер мұны айтпайды. Әзірше Қазақстанда емдетуге тырысып көреміз, кейінгісін көре жатармыз, – дейді Зүлфия Құсманғалиева.

Облыстық көп салалы балалар ауруханасына қарасты медициналық көмек сапасын бақылау басқармасы бастығы Александр Гехман «облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен сұраңыздар» деген уәжбен Алматы дәрігерлерінің балалардың бастапқы диагноздарын терістеуіне қатысты комментарий беруден бас тартты.

2014 жылдың 28 қарашасында Березовка ауылында балалардың жаппай улануы мен оның қарсаңында Қарашығанақ мұнай-газ кенішінен зиянды заттар бөлінуі (ресми расталған) арасында байланыс барын оралдық дәрігер не растамайды, не терістемейді.

– Неліктен балалар күкірт сутегінен уланды дейсіз? Бұл – дәлелденбеген, арнайы талдау жасап, зерттеулер жүргізіп қана дәлелденетін жайт. Ал ағзадан белгілі бір заттардың, белгілі бір маркерлердің табылуы – медициналық дәлелдеу емес, профанация, – деді телефон арқылы сөйлескен Александр Гехман.

Березовка ауылында тұрған жедел жәрдем көліктері. 4 желтоқсан 2014 жыл.
Березовка ауылында тұрған жедел жәрдем көліктері. 4 желтоқсан 2014 жыл.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматова "дәрігерлік құпия" деген уәжбен жағдайға қатысты комментарий беруден бас тартты.

– Бұл дәрігерлік құпия болғандықтан диагноздарға қатысты ақпарат бере алмаймыз, – деді ол.

2014 жылдың 28 қарашасында Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылында алғаш рет балалардың белгісіз улы заттан жаппай улану оқиғасы тіркелген еді. Жергілікті мектепте сабақ үстінде 26 оқушы талып қалған. Содан бері улану оқиғалары бірнеше мәрте қайталанған, дәрігерлердің көмегіне 100-ден аса адам жүгінген. Олар «басымыз айналады, жүрегіміз айниды, қан қысымымыз көтеріледі және денеміз тырысады» деп шағымданады.

Березовка ауылы тұрғындары биліктен ауылды басқа жерге көшіруді сұраған. Қазақстан үкіметі оларға «ауылды көшіруге заңды негіз жоқ» деп жауап берген.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG