Accessibility links

Грузия Украина елшісін түсінік беруге шақыртты


Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили.
Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили.

Грузия сыртқы істер министрлігі осы елдегі Украина елшісі Василий Цыбенконы Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилидің Украина президенті консультативтік кеңесінің басшысы етіп тағайындалуына байланысты түсінік беруге шақыртты.

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Давит Кереселидзе бүгін Украинаның "Грузияның стратегиялық серігі" екенін айтып, Цыбенконың министрлікке шақыртылуын "екі елдің қарым-қатынасында проблема бар деп түсінбеу керек" деді.

Украина президенті Петр Порошенко ақпанның 13-інде Реформалар жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылғанын және оның басшысы етіп Саакашвилиді тағайындайтынын жария еткен.

Грузиядан 2013 жылдың соңында, президенттік өкілеті аяқталған соң кетіп қалған Михаил Саакашвилиге кейін Грузия билігі "қызметін теріс мақсатта пайдаланды" және "депутатқа шабуыл жасауды ұйымдастырды" деп сырттай айып таққан.

Былтыр тамыз айында Грузия бас прокуратурасы Интерполға Михаил Саакашвилиге іздеу жариялауға өтініш берген.

Саакашвилидің адвокаты Отар Кахидзе ақпанның 16-сында Twitter-де НАТО парламенттік ассамблеясының президенті, АҚШ конгрессінің мүшесі Майк Тернер мен Еуропа парламентінің сыртқы істер комитетінің жетекшісі Эльмар Брок Интерполды Грузия билігінің өтінішінен бас тартуға шақырғанын жазды.

XS
SM
MD
LG