Австрия үкіметі Косовода күнделікті шығатын ірі басылым – «Коха диторе» газетінде осы елден Австрияға баспана іздеп барғандарды қайтадан еліне қайтаратыны туралы ескертіп арнайы үндеу жариялады.
Ақпанның 20-сы күні газеттің тұтас бетіне шыққан жарнамада: «Контрабандистер өтірік айтады. Австрияда экономикалық себептерге байланысты баспана берілмейді» деп жазылған. Үндеуде Австрия заңына сәйкес, заңсыз келген иммигранттарға 8,5 мың еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін екені ескертілген.
Бұдан жеті жыл бұрын өзін Сербиядан тәуелсіз ел деп жариялаған Косовода контрабандистерге ақша төлеп, Сербия арқылы Еуропа Одағына заңсыз барушылар саны күрт өсіп отыр.
Жұма күні Приштинада сапармен жүрген Австрия ішкі істер министрі Йоханна Микл-Лейтнер өз елінің үкіметі заңсыз келген косовалықтарды аптасына екі рет чартерлік рейстермен кері қайтаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.
Соңғы кездер Германия да Сербия мен Еуропа Одағына мүше Венгрия арасындағы шекараны күзетуге қосымша шекарашылар жіберіп, заңсыз иммигранттардың жолын кесу үшін сақтық шараларын жасаған.