Австралия құқық органдары қазақстандық ғалым Серік Елібаевты әйелі Айгүл Исмағұлды өлтірген деген күдікпен қамауға алған.
Австралиялық басылымдардың хабарлауынша, 53 жастағы Серік Елібаевты полиция ақпанның 16-сы күні Аделаида қаласы маңындағы Клемзиг кентіндегі үйінде ұстаған. Үйден күдіктінің 55 жастағы әйелінің жансыз денесі табылған. Елібаевқа ақпанның 18-і күні айып тағылған.
Өсімдік генетикасының модификациясын зерттеумен шұғылданған ерлі-зайыпты ғалымдар 2006 жылдан Австралияда тұрып жатқан. Оған дейін екеуі Украина, Канада, Германия мен Венгрияда тұрып жұмыс істеген.
Айгүл Исмағұл – Қазақ ССР үкіметтік ақпарат агенттігі – КазТАГ-тың бұрынғы директоры болған белгілі журналист Жұмағали Исмағұловтың қызы.