Accessibility links

Қырғызстанда "шетел агенті" туралы заң жобасы мақұлданды


Қырғызстан парламентінің жиыны. (Көрнекі сурет).
Қырғызстан парламентінің жиыны. (Көрнекі сурет).

Қырғызстан парламентінің заң шығару комитеті шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) "шетел агенті" деген мәртебе беретін заң жобасын мақұлдады.

Парламент депутаты Шырын Айтматова Азаттыққа комитет заң жобасын 10 наурызда мақұлдап, оны парламенттің басқа комитеттерінің қарауына жібергенін айтты. Заң жобасын өткен жылдың қарашасында бір топ депутат ұсынған.

Қырғызстан әділет министрлігі бұған дейін мұндай заң қабылдауға қажеттілік жоғын айтып мәлімдеме жасаған. Министрліктің ұйғарымынша, қазіргі заңнамалар мемлекет қауіпсіздігін жеткілікті түрде қорғай алады.

Қырғызстанда көпшілік заң жобасын Ресейдің 2012 жылы қабылдаған "шетел агенті" туралы заңының көшірмесі деп атап, құжатты сынаған. Ресейдің аталған заңы да кезінде ресейлік және батыстық ұйымдар тарапынан сынға ұшыраған.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының басшысы, ресейлік Николай Бордюжа 6 наурызда Бішкекте болғанында Қырғызстан шетелдерден қаржыландырылатын ҮЕҰ-ға бақылауды күшейту қажет деген. Ол шетелдер ҮЕҰ-ны "мемлекеттің территориялық тұтастығы мен егемендігіне сай келмейтін кейбір саяси міндеттерді орындау үшін пайдаланады" деген.

XS
SM
MD
LG