Accessibility links

Маңғыстау жұрты Амалды тойлап жатыр


Отпантаудағы мерекелік сахна. Маңғыстау облысы, 14 наурыз 2015 жыл.
Отпантаудағы мерекелік сахна. Маңғыстау облысы, 14 наурыз 2015 жыл.

Қазақстанның батыс аймағында бүгін, наурыздың 14-і - Амал мерекесін тойлау басталды. Жергілікті халық дәстүр бойынша наурыз мейрамын тойлауды осы күні бастап кетеді.

Маңғыстау жұрты жылдағыдай биыл да облыс орталығы Ақтау қаласынан жүз шақырымдай жерде орналасқан «Отпантау» мәдени-ұлттық кешеніне жиналды. Отпантау басында таңертеңнен басталған мәдени көпшілік шараларды тамашалауға бірнеше мың адам жиналған. Бүгінгі мерекеге Маңғыстаумен бірге көршілес Атырау облысынан, Астанадан арнайы келгендер бар.

Мерекелік бағдарлама бойынша, бүгін мұнда көкпар тарту, бәйге жарысы, балуан күресі тәрізді ұлттық ойындар өткізіледі.

Биыл Отпантаудың етегіне кірпіштен киіз үй формасында бірнеше ғимарат салынған. Мұндағы мерекелік шаралар жұма күні басталған – мәдени ұжымдар концерт қойып, «Қасиетім – Қарашаңырақ» поэзия кеші өтті. Жұма күні кешке Отпантау басында «Бірлік оты» жағылды.

Отпантау басындағы Амалды тойлаудан соң да Көрісу мерекесі наурыз айы бойы жалғаса береді. Тұрғындар бір-бірінің үйін аралап, құшақтасып көрісіп, амандық-саулық тілеп, келген жаңа жылмен құттықтайды. Өткеннен қалған өкпе-реніші барлар бір-бірінен кешірім сұрап, оны ұмытуға тырысады.

XS
SM
MD
LG