Accessibility links

Байкеновтің үйқамаққа шығарылмағаны хабарланды


Белсенділер Сәкен Байкенов (сол жақта) пен Мақсат Ілиясұлы. Астана, 28 ақпан 2014 жыл
Белсенділер Сәкен Байкенов (сол жақта) пен Мақсат Ілиясұлы. Астана, 28 ақпан 2014 жыл

"Әлеуметтік араздық қоздыру" айыбымен екі айға қамауға алынған "Антигептил" қозғалысының мүшесі Сәкен Байкеновтың жақтастары оны кепілдік арқылы үйқамаққа шығару өтінішін сот қанағаттандырмады деп хабарлады. "Антигептил" қозғалыстың мүшесі Мақсат Ілиясұлының Азаттық тілшісіне айтуынша, наурыздың 16-ы күні өткен сотта 11 адам Сәкен Байкеновтың ешқайда қашып кетпеуіне және заңсыз әрекеттер істемейтініне хат жүзінде кепілдік берген.

- Сәкенді тергеу изоляторынан үй қамаққа шығару үшін 11 адам кепілдік бердік. Әке-шешесі пәтерлерін «залогқа» қойды. Бірақ, Астана қалалық судьясы Сүлеймен Ежебеков біздің өтініш талабымызды қабылдамады. Енді тергеуге белгіленген екі айда Сәкен изоляторда қалатын болды, – деді Мақсат Ілиясұлы.

9 наурызда Астананың Сарыарқа ауданы №2 соты Сәкен Байкеновті екі ай мерзімге қамау туралы бұлтартпау шарасын санкциялаған болатын. Оның үстінен қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлімі бойынша («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» - ред.) қылмыстық іс қозғалған. Астана қалалық сотының баспасөз қызметі өкілінің айтуынша, «Сәкен Байкенов Facebook әлеуметтік желісіне адамдардың ар-намысына тиетін өз пікірін жариялаған».

Астаналық 37 жастағы Сәкен Байкенов «Антигептил» қозғалысының белсендісі ретінде наразылық акцияларына қатысқаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. «Антигептил» қозғалысы 2013 жылы шілде айында, Байқоңырдан ұшырылған ресейлік "Протон-М" зымыран-тасығышы апатқа ұшырағаннан кейін құрылған. Ұйым содан бері Қазақстанда зиянды гептил отынын пайдаланатын ресейлік зымырандарды ұшырмауды, Қазақстан аумағындағы Ресей әскери-жаттығу полигондарын жабуды талап етіп, бірнеше акция өткізген.

XS
SM
MD
LG