Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың оңшыл "Ликуд" партиясы мерзімінен бұрын парламент сайлауында жеңіске жетуге шақ тұр.
Наурыздың 18-інде берілген дауыстың түгелге жуығын санағандағы мәлімет бойынша, "Ликуд" Израиль парламенті Кнессеттегі 120 орынның 30-ына ие болған.
Оппозиция жетекшісі Исаак Херцог Нетаньяхуды "жеңісімен құттықтап, сәттілік тілегенін" мәлімдеді.
Бұған дейін дауыс беру кезінде жүргізілген экзит-полл нәтижесі "Ликуд" пен Иссак Херцогтың "Сионистік одақ" партиясы сайлауда қатар келе жатқанын көрсеткен. Бірақ "Сионистік одаққа" парламенттен 24 орын тиген.
Енді Нетаньяхуға сайлауда парламентке өткен партиялармен үкіметтік коалицияны жасақтауға құқық берілмек. Сарапшылар "Ликуд" партиясының жеңіске жетуі Таяу Шығыстағы бейбіт процесті тоқтатып тастауы мүмкін дейді.
Сайлауалды науқанының соңғы күні Нетаньяху егер төртінші мерзімге премьер-министр болып сайланса Палестина мемлекетінің құрылуына жол бермейтінін мәлімдеген.