Accessibility links

Ресей Данияны ядролық қаруымен қорқытты


Ресей Данияны ядролық ұштығы бар зымырандарымен қорқытты. Кремль "Егер Дания НАТО-ның зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне қосылса, біз зымырандарымызды осы елдің кемелеріне бұрып қоямыз" деп мәлімдеген.

Ресейдің Даниядағы елшісі Михаил Ванин даниялық Jyllands-Posten газетіне берген сұхбатында, "Копенгагеннің ондай қадамы Ресейге қатер деп бағаланады және ол екі елдің қарым-қатынасына зиянын тигізеді" деген.

Дания сыртқы істер министрі Мартин Лидегаард Ресей елшісінің бұл сөздерін "жөнсіз" деп бағалаған. Оның айтуынша, "Мәскеу НАТО-ның зымырандардан қорғану жүйесінің өзіне бағытталмағанын, Иран сияқты елдердің шабуылына арналғанын жақсы біледі". Дания тамыз айында "кемелерін НАТО зымыран қорғанысы жүйесінің радарларымен жабдықтайтынын" хабарлаған еді.

НАТО өкілі Оана Лунгеску Ваниннің мәлімдемесі "сенімді жояды, әлемдегі тұрақтылықты нығайтуға кері әсер етеді" деді. Ресей елшісі "Кремльдің қолында зымыран қорғанысы жүйесінен өтіп кететін қарулардың бар екенін" де айтқан.

XS
SM
MD
LG