Accessibility links

Сауд Арабиясы Йемен аумағына соққы бере бастады


Йемен президенті Абд-Раббу Мансур Хади Аден қаласында баспасөз жиынын өткізіп отыр. 21 наурыз 2015 жыл.
Йемен президенті Абд-Раббу Мансур Хади Аден қаласында баспасөз жиынын өткізіп отыр. 21 наурыз 2015 жыл.

Сауд Арабиясы Парсы шығанағы аймағындағы көршілес мемлекеттер коалициясымен бірге Йемен территориясындағы шииттік хусит көтерілісшілерінің бақылауындағы нысандарға әуеден соққы бере бастады. Бұл туралы Сауд Арабиясының АҚШ-тағы елшісі Абдел әл-Жубейр мәлімдеген. Коалиция мүшелері арасында Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Катар мен Бахрейн елдері бар.

Сауд Арабиясы елшісінің сөзінше, операция мақсаты – Йемен президенті Абд-Раббу Мансур Хади басқаратын «елдің заңды үкіметін қорғау». «Біз Йеменнің заңды үкіметін құлаудан қорғайтын барлық шараларды қолданамыз» деген Абдел әл-Жубейр. Ол әуе соққылары елдің кез-келген бөлігіндегі нысандарға берілуі мүмкін екенін айтқан.

Associated Press агенттігі кеше Йемен президенті астананы шиит көтерілісшілері басып алған соң орныққан портты Аден қаласынан катермен кетіп қалғанын хабарлаған. Агенттік хусит көтерілісшілері таяу уақытта Аден қаласына басып кіруі мүмкін деген.

Бірақ Сауд Арабиясы елшісі Йемен президентінің қазір қайда екені туралы айтудан бас тартты.

Бұған дейін Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнест АҚШ Йемендегі зорлық-зомбылықты қатаң айыптайтынын мәлімдеген. Оның сөзінше, Вашингтонның Йеменді паналайтын аймақ ретінде пайдаланып, батыс елдеріне соққы жасауға ниетті экстремистерге қысым көрсетуді жалғастыра беруге мүмкіндігі бар.

XS
SM
MD
LG