БҰҰ-ның улы қалдық заттар жөніндегі арнайы өкілі Баскут Тунчак бүгін Қазақстан үкіметінің шақыруымен Астанаға келді.
Екі апталық сапары барысында БҰҰ өкілі Қазақстанның адам құқықтары саласындағы өзіне алған міндеттемелерін орындауда улы заттар мен қалдықтармен қалай жұмыс істеп жатқанын тексермек. Кейін оның тұжырымдары Адам құқықтары жөніндегі кеңеске ұсыныс түрінде жолданады.
БҰҰ өкілі Астанадан өзге Алматы, Атырау, Өскемен және Қарағандыға барып, улы заттардан зардап шеккендермен, орталық және жергілікті билік, бизнес, азаматтық қоғам өкілдерімен кездеспекші.
- Мен тұрғындардың белгілі бір тобына, оның ішінде балаларға, әйелдер мен қауіпті және улы заттар әсер еткен жұмысшыларға ерекше назар аударамын, - деп мәлімдеді Баскут Тунчак.
БҰҰ арнайы өкілі Қазақстанда сәуірдің 8-іне дейін болады. Сол күні баспасөз жиынын өткізіп, сапардың алдын-ала қорытындысымен таныстырмақ.