Астанадағы «Шығыс» тұрғын үйі кешенінің ондаған үлескері осы нысанды салып жатқан KAONTECH International компаниясы (бұрынғы атауы ASI) өкілдерімен бүгін құрылыс басында кездесіп, екі жақ келісімге келді.
Белсенді топ мүшесі Меруерт Серікқалиеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, компания өкілдері бұл жолы үлескерлерге қосымша шарт жасасуды ұсынған.
– Әр үлескер өзінің үйі мен пәтеріне қатысты жүргізілетін жұмыс көлемімен танысып, оның кестесімен келіссе қосымша келісім-шартқа қол қояды. Бұған дейін құрылыстың қашан бітетінін компания басшылары бізге нақты айтқан емес – дейді Серікқалиева.
KAONTECH International компаниясы төрағасының орынбасары Сергей Котляров барлық құрылыс нысандарына қатысты кестені сәуірдің 6-сына дейін дайындап, жариялайтындарын айтады.
– Қосымша келісім-шарттың жаңалығы – егер біз белгіленген мерзімде пәтерді тапсыра алмасақ, кешіктірген әр апта үшін пәтер құнының 0,5 пайыз мөлшерінде айыппұл төлейміз. Айыппұлдың көлемін үлескерлердің өздері белгіледі, – дейді Котляров.
Құрылыс жұмысы 2011 жылы басталған төрт мыңға жуық пәтерлі «Шығыс» тұрғын үй кешенінің 1500-дей үлескері бар. Бастапқы белгіленген мерзімінде бітпеген тұрғын үй құрылысына қатысты үлескерлер мен компания арасында дау жалғасып келе жатқанына бірнеше жыл болған.
Астанада үлескерлер мен құрылыс компаниясы мәмілеге келді