Астана Иран мен әлемдік алты держава Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты нақты келісімді келісілген мерзімде жасайтынынан үмітті деп мәлімдеді бүгін Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.
Министрлік мәлімдемесінде Қазақстанның сәуірдің 2-і күні Швейцарияның Лозанна қаласында Иран мен "алтылық елдер" арасында жасалған алдын ала келісімді қолдайтыны және "бұл елдердің саяси ерік-жігері өзгермей, келешекте ядролық бағдарламаға қатысты түпкілікті келісім жасауға кепіл болатынынан" үмітті екені айтылған.
Ерлан Ыдырысов Қазақстанның Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жағдайдың саяси-дипломатиялық жолмен шешілгенін қалайтынын айтқан.
Сәуірдің 2-сі күні Иран мен АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия сыртқы істер министрлері мен дипломаттары Иранның ядролық бағдарламасын шектеп, бұл елге салынған экономикалық санкцияларды әлсіретуді көздейтін алдын-ала келісім жасаған. Бұл жоба негізінде тараптар маусым айының соңында түпкілікті келісім жасасуы тиіс.