Арменияның Гюмри қаласында бір үйдің жеті адамын өлтіруге күдікті ресейлік әскери қызметкер Валерий Пермяковтың ақыл-есі дұрыс деп танылғаны туралы Интерфакс хабарлады.
Сарбаз денсаулығына дәрігерлік сараптама Пермяков қамауда отырған ресейлік әскери базада жасалған. Дәрігерлер қорытындысы тергеушілерге Пермяковқа түпкілікті айып тағып, сонан кейін айыптау қорытындысын бекітіп, сотқа жолдауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Ресей мен Арменияның ресми өкілдері Валерий Пермяковтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша ашық сот процесі Арменияның Гюмри қаласындағы ресейлік әскери база аумағында өтеді деп мәлімдеген.
Биыл 12 қаңтар күні Гюмриде Аветисян отбасының жеті мүшесі, солардың арасында екі кішкентай бала қасақана өлтірілген еді. Бұл қылмысқа қатысты ресейлік әскери қызметкер Валерий Пермяковқа айып тағылған.
Гюмридегі қылмыстық оқиға армян қоғамында наразылық туғызып, шеруге шыққан мыңдаған адам Валерий Пермяковты Армения әділет орындарына беруді талап еткен еді.