Қазақстанда демократия Азияның басқа елдеріндегідей халықтың дәстүрі мен ерекшелігін ескере отырып дамуы тиіс деп мәлімдеді бүгін президент Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл туралы "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі хабарлады.
Астанада республикалық жастар форумында сөйлеген президент бұл сөзіне Сингапур, Жапония елдерін мысалға келтірді.
"Ли Куан Юді автократ, Сингапурда демократия жоқ, тағы басқа деп өмір бойы сынап келді. Ол азиялық қоғамның өзінің ерекшеліктері, моралі, дәстүрі мен мәдениеті барына сендірді. Демократия жолында барлығымен бірге жүргенде біз бұл ерекшеліктерді ескеруге тиіспіз. Сонда ғана бұл құндылық бізге жерсінеді" деген Назарбаев.
Қазақстан президенті Шығыс Азия елдерінде демократия Конфуций ілімі негізінде орныққанын, жетістіккке жеткен елдердің көпшілігі абсалюттік монархиялық елдер, мысалға араб елдері екенін келтірген. "Олардың экономикасы дамып, халқы ауқатты тұрады. Бұл біреуге ұнамайды. Бірақ сол елдер халқына ұнайды" деген Назарбаев.