Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындарды алда келе жатқан православиелік Пасха мерекесімен құттықтады. Бұл туралы бүгін Ақорда сайты хабарлады.
"Сіздерді Пасха мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ол адамдардың жүрегіне сенім мен үмітті, игілік пен бейбітшілікке ұмтылысты ұялататын терең адамгершілік мағынасы бар мейрам. Пасха игі істерге, қайырымды амалдарға, мейірімділік, өзара құрмет, отбасы мен өз халқына деген сүйіспеншілік сияқты шынайы рухани құндылықтарға бет бұратын мезет. Елімізде мақсатты мемлекеттік саясаттың арқасында татулық пен тыныштық орнаған, діни сенім бостандығына кепілдік беріліп, Қазақстан атты үлкен отбасында өмір сүріп жатқан этностардың тілдері мен дәстүрлерін дамытуға барлық жағдайлар жасалған" деген Назарбаев.
Сонымен бірге ол бейбітшілік пен тыныштықты қолдауға, тұрақтылықты сақтауға Қазақстандағы Орыс православие шіркеуінің митрополиттік аймағы және басқа христиандық қауымдар үлес қосып жатқанын атап өткен.
"Осы жарқын мерекеде барша қазақстандықтарға өркендеу, жан тыныштығын, амандық және бүгіні мен ертеңіне деген сенімділік тілеймін" делінген президент құттықтауында.