Accessibility links

Қарағанды облысы: 12 ауылды су басу қаупі бар


Қарағанды облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет)
Қарағанды облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет)

Қарағанды облысында Нұра өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты кемінде 12 ауылды су басу қаупі төніп тұр деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Департамент ақпаратына қарағанда, облыстың бірнеше ауданында су деңгейі төмендеп, тұрғындар үйлеріне қайтып жатқанымен, су деңгейінің қайта көтерілу қаупі сейілген жоқ. Тек Сарытөбе ауылының өзінен 350 адам көшірілген. Су деңгейінің күрт жоғарылау қаупі түн мезгілінде күшейетіндіктен, тұрғындарды эвакуациялау кешке қарай жүргізіледі. Департаменттің ресми өкілі Қуаныш Муталаповтың сөзіне қарағанда, облыста күндіз бақылау бекеттері жұмыс істеп жатыр.

Ол Қарағанды облысында су тасқынымен күреске Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті, Алматының өрт сөндіру және судан құтқару қызметтері және республиканың өзге бірнеше аймақтарынан қосымша күш тартылғанын айтады.

Қарағандыдан Қарқаралы қаласы мен Павлодар облысына баратын жолдар, сондай-ақ, әуежайға апаратын жолдардың бірі жабылған.

Муталаповтың сөзінше, департамент облыстағы бір адамның суға кеткенін су тасқынымен байланыстырмайды. "Суға өзі түсіп кеткен" адамның мерт болғаны туралы ақпаратты кеше ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко хабарлаған.

Төтенше жағдайлар комитетінің "Қазгидромет" мекемесіне сілтеме жасап хабарлауынша, Қарағанды облысының Нұра ауданы, Ақмола облысының Целиноград және Қорғалжың аудандарында Нұра өзеніне Шерубай-Нұра мен Самарқан су қоймаларынан құйылатын судың көбеюінен су деңгейі көтеріліп, су басу қаупі пайда болған.

XS
SM
MD
LG