Accessibility links

Ресей СССР жайлы Голливуд фильміне тыйым салды


"Child 44" фильмінің постері.
"Child 44" фильмінің постері.

Ресей мәдениет министрлігі Голливудтың екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Совет одағындағы оқиғалар жайлы түсірген "Child 44" фильмін көрсетуге тыйым салды. Бұл шешімге "тарихи фактілердің бұрмалануы және Ұлы Отан соғысына дейінгі, соғыс кезіндегі және одан кейінгі оқиғаларға өз бетімен баға беру" себеп болғаны айтылады. Фильмнің премьерасы Ресейде 16 сәуірде өтуі тиіс болған.

Орыс тілінде "Номер 44" деп аталатын фильм британдық роман-триллердің желісімен түсірілген. Фильмде басты рөлдегі Лев Демидов - 1930 жылдарда Украинада болған аштықтан аман қалған, СССР қауіпсіздік қызметінің қуғынға ұшыраған бұрынғы офицері. Ол бірнеше адамды өлтірушіні ұстайды. Фильм желісі СССР-де 52 адамды өлтірді деп танылып, 1995 жылы өлім жазасына кесілген атышулы Андрей Чикатило ісі жайлы нақты оқиғаға құрылған.

Ресей мәдениет министрлігінің мәлімдеуінше, сарапшылар Совет одағының нацистік Германияны жеңуінің 70 жылдығы қарсаңында бұл фильмді көрсету "жөнсіз" деп тапқан.

Ресей президенті Владимир Путин мен оның үкіметі Мәскеудің 20-ғасыр тарихындағы, оның ішінде екінші дүниежүзілік соғыстағы рөліне күдік келтіретін кез-келген әрекетке қарсылық танытады.

XS
SM
MD
LG