Accessibility links

Киевте шахтерлер жалақыларын талап етіп жатыр


Киевте президент әкімшілігі маңында шерулетіп тұрған шахтерлер. Украина, 22 сәуір 2015 жыл.
Киевте президент әкімшілігі маңында шерулетіп тұрған шахтерлер. Украина, 22 сәуір 2015 жыл.

Киевте бүгін мыңға таяу шахтерлер жалақыларын төлеуді талап етіп, президент әкімшілігінің алдында наразылық танытып тұр.

Украина ақпарат құралдарының хабарлауынша, шахтерлер милиция бөгетін бұзып, президент әкімшілігі ғимаратына қарай жақындаған. Кеншілер бүгін парламент - Жоғарғы Рада алдында да митинг өткізу жоспары барын айтады. Кейбір наразылық танытушылар Киевтің орталық Крещатик көшесін жабуға үндеп жатыр.

"Интерфакс-Украина" агенттігінің хабарына қарағанда, шерушілер президент әкімшілігі өкілдерімен келіссөз жүргізетін топ құрмақ ниетте.

Шахтерлер кеше Киевте съезд өткізіп, президенттен энергетика және көмір өнеркәсібі министрі Владимир Демчишинді отставкаға жіберуді талап ететін қаулы қабылдаған. Қаулыда Украина бюджетіне көмір өнеркәсібі саласына мемлекеттік қолдау көрсетуге қатысты өзгерістер енгізуге шақырған үндеу де бар. Талаптары орындалмаса шахтерлер ел көлемінде ереуілге шығатындарын ескертеді.

Бұған дейін Украина энергетика және көмір өнеркәсібі министрлігі таяу уақытта шығынға батыратын үш шахтаның жабылатынын хабарлаған. Украина билігі 95 шахтаның тек 35-іне ғана иелік етіп отыр. Қалған шахталар елдің оңтүстік-шығысында ресейшіл сепаратистер бақылауындағы территорияларда орналасқан.

XS
SM
MD
LG