Тәжікстанның Қорған-Төбе қаласынан Мәскеуге ұшып шыққан Boeing-737/400 жолаушылар ұшағы Қызылорда әуежайына апатты жағдайда қонды. Жергілікті агенттіктердің ақпаратына қарағанда, бортында 165 жолаушысы бар ұшақ қозғалтқышынан ақау шығып қонған.
Ұшақ Қызылордаға қосымша жанармай құйып алу үшін жергілікті сағат 7:38-де қонуы тиіс болған. Бірақ сағат 7:30-да әуежайға ұшақ қозғалтқыштарының бірінде жанармай қысымының артып кетуінен ақау туындағаны туралы ақпарат түскен. Ұшақ әуежайға жайлы қонып, жолаушылардың біразы әуежайға, қалғаны қаладағы қонақүйлерге орналастырылған.
Жолаушыларды Мәскеуге жеткізу үшін Тәжікстаннан басқа ұшақ ұшып келген.