Финляндия билігі Ресей мен оның солтүстіктегі көршілері арасындағы шиеленіс күшейген тұста резервте тұрған 900 мыңға тарта азаматқа хат жібере бастады. Ресей-Финляндия шекарасының ұзындығы 1340 километрге жетеді. Фин әскери қолбасшылығының мәлімдеуінше, резервте тұрғандарға хат жіберуге қорғаныс саласына бөлінетін қаржының қысқаруы себеп болған. Финляндия биыл қорғанысқа жалпы ішкі өнім көлемінің 1,29 пайызына тең, яғни 2,99 миллиард АҚШ доллары көлемінде ғана қаржы бөлген. 2012 жылы Финляндия бұл салаға жалпы ішкі өнім көлемінің 1,4 пайызын бөлген. Финляндия әскерилері хат резервтегілерге олардың "дағдарыс жағдайындағы" рөлі туралы ескертеді дейді.
5,2 миллион халқы бар Финляндия - Еуропадағы міндетті әскери қызмет сақталып қалған аз елдердің бірі. Бұл елдің кәсіби армиясында 16 мың әскери қызметкер бар, бірақ мобилизация болса әскер саны 230 мыңға дейін жетеді.
Өткен айда НАТО-ға кірмейтін Финляндия мен Швеция альянсқа мүше Норвегия, Дания және Исландиямен бірге мәлімдеме жасап, Ресей "қатер төндіретіндіктен" қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажет деген.