Accessibility links

Алматыда дирижер Шамғон Қажығалиевпен қоштасты


Қазақстандық дирижер, домбырашы Шамғон Қажығалиевпен қоштасу рәсімі. Алматы, 5 мамыр 2015 жыл.
Қазақстандық дирижер, домбырашы Шамғон Қажығалиевпен қоштасу рәсімі. Алматы, 5 мамыр 2015 жыл.

Алматыда бүгін Абай атындағы опера және балет театрында қазақстандық алғашқы кәсіби дирижер, домбырашы, СССР халық әртісі, профессор Шамғон Қажығалиевпен қоштасып, ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Шамғон Қажығалиев 3 мамырда 88-ге қараған шағында бақилық болған.

Марқұммен қоштасу рәсіміне өнер адамдары, оның ішінде әнші Бибігүл Төлегенова, актер Асанәлі Әшімов және басқа да тұлғалар келді. Қоштасу жиынында мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Қуатжан Уәлиев сөз сөйлеп, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту хатын оқып берді. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің атынан жолданған хатты оның орынбасары Зәуре Аманжолова оқыды. Марқұмды Алматы маңындағы "Кеңсай-2" зиратына жерлеуге әкетті.

Шамғон Қажығалиев 1927 жылы маусымның 15-і күні Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1950 жылы Алматы консерваториясының халық аспаптар факультетін домбыра және скрипка кластары бойынша бітірген, 1964 жылы Ленинград консерваториясының опера-симфония дирижері факультетін профессор Э.Грикуровтың класы бойынша тәмамдаған.

Көп жылдар бойы Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болды, сол уақытта оркестрмен бірге шетелдерге шығып, қазақ өнерін дүние жүзіне танытуға үлес қосты. Сонымен бірге, Қазақ симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып жұмыс істеді.

Ол Қарағандының Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрінің негізін қалаған.

Шамғон Қажығалиев Қазақстан мемлекеттік сыйлығымен, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

XS
SM
MD
LG