Парсы шығанағындағы шиеленісті жағдай бәсеңсіген соң АҚШ әскери-теңіз күштерінің кемелері Ормуз бұғазы арқылы өтетін америкалық және британ кемелеріне қоса еріп жүруді тоқтатуға бұйрық алды. Бұл туралы сәрсенбі күні Пентагон өкілі хабарлаған.
Бұдан бір апта бұрын, Иран әскери-теңіз күштері Маршалл аралдарында тіркелген Maersk Tigris жүк кемесін теңізде ұстап, оларды командамен бірге елдің оңтүстігіндегі порттардың біріндегі тұраққа мәжбүрлеп апарған. Бірақ, сәрсенбі күні Тегеран кемені ұстауға негіз болған ескі қарызды өтеуге байланысты сот талабы санаулы күндер ішінде реттеледі деп мәлімдеген.
Жанжалды жағдайдың тез шешілуі тараптардың ешқайсы өздерінің абайсыз іс-әрекеттері Иран ядролық бағдарламасы бойынша өтіп жатқан көпжақты келіссөздерге кесір тигізгенін қаламайтынын көрсетеді деп жазады АҚШ баспасөзі.