Accessibility links

Мәскеу: Болотный алаңында ұсталғандар қамалды


Полиция Болотный алаңындағы оқиғаның үш жылдығына арналған акцияға қатысушыларды ұстап әкетіп барады. Мәскеу, 6 мамыр 2015 жыл.
Полиция Болотный алаңындағы оқиғаның үш жылдығына арналған акцияға қатысушыларды ұстап әкетіп барады. Мәскеу, 6 мамыр 2015 жыл.

Мәскеуде 6 мамырда Болотный алаңында ұсталған үш белсендіге әкімшілік жаза кесілді. Ресейлік журналист Александр Рыклин мен "Комитет 6 мая" ұйымы мүшесі Сергей Шаров-Делоне әрқайсысы рұқсат етілмеген акция ұйымдастырды деген айыппен 10 тәулікке қамалды. Азаматтық белсенді Ирина Калмыкова пикет өткізудің тәртібін қайталап бұзды деген айыппен алты тәулікке қамалды. Бірақ жаза көрілгендердің ешқайсысы айыбын мойындаған жоқ.

Рыклин сотта Болотный алаңында ешқандай митинг болған жоқ деп мәлімдеді. Ол өзінің плакат ұстап жалғыз кісілік пикетке шыққанын әрі пикет рұқсат алуды талап етпейтін айтты. Рыклин сотта өз сөзін дәлелдейді деген бейне жазба көрсеткен. Шаров-Делоне сотта Болотный алаңына жетпейтін жерде жалғыз кісілік пикет өткізгенін айтты. Оның адвокатының сөзінше, полицейлер хаттамасы іс материалдарына ғана емес, полицейлердің өздеріне де қайшы келеді. Ирина Калмыкова да полицейлер хаттамада көрсеткендей алаңда ешқандай ұран айтпағанын мәлімдеді.

6 мамырда 2012 жылы Миллиондар маршына қатысушылар мен полицейлер арасында болған қақтығыстың үш жылдығына арналған рұқсат етілмеген акция болып, 65 адам ұсталған. Акция 6 мамыр күні кешке метроның "Третьяковская" станциясынан басталған. Бұдан соң акцияға қатысушылар Болотный алаңына қарай қозғалып, ұзамай оларды полиция ұстап әкеткен.

2012 жылдың 6 мамырында Мәскеу билігінің рұқсатымен өткен оппозиция шеруі демонстранттардың полициямен қақтығысуымен аяқталған. Қақтығыс бойынша қылмыстық іс қозғалып, 30-дан астам адам сотқа тартылды, оның 18-і сотталды. Құқық қорғаушылар "Болотный ісін" "саяси мақсатта ұйымдастырылған" деп санайды.

XS
SM
MD
LG