Мәскеуде бүгін Ресей президенті Владимир Путин мен Германия канцлері Ангела Меркель келіссөздер өткізді. Онда Ресей мен Еуропа Одағының өзара қарым-қатынасы және Минскіде жасалған келісімдерді жүзеге асыру жайы талқыланған.
Кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында Путин Украинаның шығысындағы жағдайды реттеу жөніндегі келісімдерді орындау қажеттігін айтып, бұл мәселенің шешімі «ең алдымен Киевке байланысты» деп мәлімдеген. Ресей президенті Украинаның Донецк және Луганск облыстарындағы өзін өзі жариялаған «халық республикалары» басшыларына «қолындағы барлық ықпалды жасауға» уәде берген.
Украинаның шығысындағы жағдайға қатысты сөзінде Ангела Меркель де Минскіде жасалған келісімдерді орындау қажеттігі туралы мәлімдеген. Сонымен бірге ол келісімдерді орындау арқылы жанжал реттеледі деп кесіп айтуға болмағанымен, «бұл бағыттағы жұмысты жалғастырудан басқа еш нәрсе жоғын» атап өткен.
«Халықаралық құқықты бұза отырып Қырымды аннексиялау қылмысы мен Украинаның шығысындағы әскери іс-қимылдар біздің әріптестігімізге айтарлықтай нұқсан тигізді, өйткені біз болған жайтты Еуропада орнаған бейбіт тәртіпке төнген қатер деп қабылдаймыз» деген ол.
Германия канцлері бүгін Мәскеуде журналистерге Украинаның территориялық тұтастығы қалпына келтірілуі тиіс екенін және өз елі осы мақсатқа жету үшін Ресеймен жұмысты жалғастыратынын мәлімдеген.
Меркель осы жолғы сапарымен Германияның Ресейге қарсы емес, онымен бірге жұмыс істейтінін көрсеткісі келгенін атап айтқан.
Мәскеуге бір күндік сапармен бүгін таңертең ұшып келген Германия канцлері Ресей президентімен бірге Кремль іргесіндегі Белгісіз солдат зиратына гүл қойып, Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Әлемдік көптеген жетекшілер сияқты Ангела Меркель де сенбі күні Мәскеудегі Жеңіс күні құрметіне арналған парадқа қатысудан бас тартқан. Бірақ ол Путинге мамырдың 10-ы күні Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарды бірге еске алу туралы ұсыныс жасаған.