Accessibility links

Өзбекстан құрамасындағы қазақ - Азия чемпионы


Өзбекстан құрамасына кеткен қазақ балуаны Елмұрат Тасмұратов. (Сурет бүкіләлемдік күрес қауымдастығының сайтынан алынды)

Катардың Доха қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында грек рим күресінен Өзбекстан құрамасындағы қазақ балуаны Елмұрат Тасмұратов алтын алды.

59 килограмда күрескен 23 жастағы Тасмұратов ширек финалда қытайлық Кию Тианды 8:0, жартылай финалда жапон Чинобу Отаны 7:0, ал финалда солтүстік кореялық Вон Чоль Юхты 9:4 есебімен жеңді.

Кезінде қазақстандық Елмұрат Тасмұратов елдің ұлттық құрамасына алынатын кандидаттардың бірі болған еді. Бірақ, 2008 жылы ол Дәулет Тұрлыханов атындағы турнирде жеңіліп, әлгіндей мүмкіндіктен айырылған соң, кейін әлемдік жарыстарға бару үшін Өзбекстан азаматтығын алған.

Грек-рим күресінен 85 килограмда қазақстандық Нұрсұлтан Тұрсынов күміс медаль иеленді. Ол ширек финалда қырғызстандық Жанарбек Кенжеевті, жартылай финалда жапон Таиши Оканы жеңген. Ал финалда өзбек Рустам Ассакаловтан 4:5 есебімен ұтылды. Бұл екі балуан былтыр Астанада өткен Азия біріншілігі финалында кездескенде Тұрсынов жеңген.

Дохадағы Азия чемпионаты 10 мамырда аяқталады.

XS
SM
MD
LG