Алматыда бүгін зағиптарға және көзі нашар көретін адамдарға қазақ тілінде баспа материалдары мен компьютерде электронды мәтіндерді дыбыстап оқып беретін тифло құрылғының таныстырылымы өтті.
Мәтіндерді қазақ тілінде дыбыстаумен "Физикалық және ақыл-ой дамуында кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді кәсіптік сауықтыру және әлеуметтік бейімдеу орталығы" ("САТР орталығы") айналысқан.
Орталық өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда бұған дейін зағип жандар білім беру және құқықтық мәтіндерді тифлоқұрылғы арқылы тек орыс және ағылшын тілінде ғана оқи алған. Қазақ тіліндегі мәтіндерді оқитын құрылғы болмаған.
Бұған дейін Алматыдағы «Аржан» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Қасиет Омарова Азаттыққа Алматы қаласында – төрт мың, ал елде шамамен 20 мың зағип есепте тұр деген дерек келтірген.