Өзбекстан Орталық банкі бүгін елде шетел валютасын айырбастау операциясын тоқтатты деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі.
Орталық банкі ресми өкілдерінің мәлімдеуінше, Өзбекстан азаматтары мен компаниялар енді берісі шілденің басына дейін шетел валютасын айырбастау операциясын жүргізе алмайды.
Бірнеше күн бұрын Орталық банк Өзбекстан премьер-министріне ел экономикасында қолма-қол ақшаның тапшы екенін ескерткен. Орталық банктің бүгінгі шешімі экономикада шетел валютасының аса тапшы екенін көрсетеді.
Ресейдегі экономикалық дағдарыс пен АҚШ долларының рубльге шаққандағы бағамының бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін қымбаттауы Ресейдегі Өзбекстан мигранттарының елдеріне жіберетін қаржы көлемін күрт азайтып жіберген.
Өткен аптада қара базарда бір АҚШ долларының бағасы бес мың өзбек сомынан асып, рекордтық бағаға жеткен.