Ақмола облысында қырылған киік саны төрт жарым мыңға таяп қалды деп хабарлайды "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін таңертең Жақсы және Жарқайың аудандарында қырылған киік саны шамамен 4 мың 500-ді құраған. Киіктер қырылған аумақтарда ветеринарлық қызмет, төтенше жағдайлар қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін облыста қырылған киік саны 2 мыңға жуықтағаны хабарланған.
Мамыр айының ортасынан бері Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарында ресми есеп бойынша қырылған киік саны 85 мыңнан асады. Киік ең көп қырылған облыс - Қостанай.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен аптада киік қырылған ауылдық округтерде дерт жұқтырудың алдын алу және үй жануарларын қорғау мақсатында карантин жариялаған. Министрлік киіктердің жаппай қырылу себебін анықтауға халықаралық сарапшылардан көмек сұраған.