Accessibility links

ФИФА-дағы "коррупция"

Цюрихте ФИФА (Халықаралық футбол федерациясы) президенті сайлауына екі күн қалғанда осы ұйымның бірнеше қызметкері тұтқындалды. Оларға АҚШ-та коррупцияға қатысты айып тағылып отыр. Федерация өкілері шұғыл түрде баспасөз мәслихатын өткізіп, оқиғаны "ұйымға ауыр тиген соққы" деп сипаттады.

Тұтқындалғандар арасында ФИФА басшысы Йозеф Блаттер жоқ. Алайда ол бірнеше мәрте жемқорлық күдігіне ілінген еді. Ресми айып тағылғандар арасында ФИФА-ның екі вице-президенті - Джеффри Уэбб пен Эухенио Фигередо бар.

Сәрсенбі күні Швейцария бас прокуроры кеңсесінің 2018 және 2022 жылғы әлем чемпионаттарын өткізетін елдерді анықтау кезінде лауазымын теріс пайдаланған тұлғаларға қылмыстық іс қозғағаны хабарланды. Әзірге олардың аттары аталмайды. 2018 және 2022 жылдардағы футболдан әлем чемпионатын өткізу құқығы Ресей және Катарға берілген.

ФИФА президенті сайлауы ұйымның 65-конгресінде, Цюрихте, мамырдың 29-ы күні өтеді. Бұл сайлауға Блаттер (бесінші мерзімге сайланбақ) мен Иордания ханзадасы Али бин Әл-Хусейн түспек.

XS
SM
MD
LG