АҚШ арнайы қызметі компьютер хакерлері америкалық төрт мыңға жуық қазіргі және бұрынғы мемлекеттік қызметкердің жеке бас мәліметтерін ұрлағанын хабарлады. Америкалық мамандар мұның артында Қытай қорғаныс министрлігінің тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін қытайлық хакерлер тұруы мүмкін дейді.
Қытайлық хакерлер компьютерлерден мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік сақтандыру нөмірлері, олардың қызметтік ережесі, қызметтік аттестациясы нәтижелері, біліктілігін көтеру курсынан өткені туралы мәліметтерін ұрлаған. Мемлекеттік ведомстволар хакерлік шабуылға ұшыраған қызметкерлерін банктегі есепшоттары мен басқа да қаржылық операцияларына мұқият болуға және басқа банк карточкасын алуға кеңес берген.
Өткен жылдың желтоқсанынан бері Қытай тарапынан америкалық мемлекеттік қызметкерлер базасына осымен екінші рет ірі хакерлік шабуыл жасалып отыр. Өткен жылғы шабуылда хакерлер мемлекеттік қызметкерлердің отбасы мүшелері мен олардың қаржылық жағдайына қатысты және елге кіруге рұқсат беретін құзырлы органдар жинаған мәліметтерді ұрлаған.
Қытайлық хакерлер - әлемдегі ең агрессиялы хакерлердің бірі. Мамыр айында АҚШ қытайлық бес әскериге компьютер тыңшылығымен айналысты деп айып таққан. Тергеу мәліметтері бойынша, олар құрыш құю саласы мен басқа да салалардағы америкалық ірі компаниялардың жабық мәліметтер базасын бұзған.