АҚШ қорғаныс министрі Эштон Картер бүгін Германияда Еуропадағы америкалық дипломаттармен және АҚШ әскери қолбасшылығы өкілдерімен НАТО-ның Мәскеуге қатысты стратегиясының нәтидесін бағалау жөнінде жиын өткізеді. Жиырма шақты дипломат пен генерал жеке түрде Еуропа елдері Ресейге қарсы санкцияны күшінде қалдыру керек пе, Украинаға қару-жарақ берген жөн бе деген мәселелерді талқылайды.
Эштон Картер dpa агенттігіне берген сұхбатында экономикалық санкцияларды "Ресейді райынан қайтарудың ең маңызды бөлігі" екеніне сенімді екенін айтқан. Бірақ ол маусымның 3-інде Штутгартта сөйлеген сөзінде "санкциялар ойлағандай нәтиже бермегенін" мойындаған.
"Біз қазіргі іс-қимылымызға тағы бір назар салып қарауымыз керек" деген Картер.
Маусымның 3-і күні ресейшіл сепаратистер Марьинкадағы украин әскерилерінің бекінісіне танктер мен артиллерияны қолданып, шабуылдаған. Екі жақ арасында болған ұрыстан бес украин сарбазы қаза тауып, 39-ы жараланған.
Ақпан айында Минскіде Донбасстағы қақтығысты тоқтату туралы келісім жасалғалы бері мұндай ауқымды ұрыс пен адам шығыны болмаған. Ол келісім бойынша, екі жақ қақтығыс аймағынан ауыр қару-жарақтарын әкетуге тиіс болған.
Маусымның 4-інде парламентте сөйлеген Украина президенті Петр Порошенко Донбасста "ауқымды соғыс қимылдары қайта басталу қаупі төніп тұрғанын" мәлімдеген.
Бүгін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі де Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізеді.