Түркияда парламент сайлауы қарсаңында күрдтерді қолдайтын Халықтық демократиялық партияның (ХДП) шеруінде болған жарылыстарды "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы жасады деп мәлімдеді ХДП жетекшісі Селахаттин Демирташ.
Маусымның 5-і күні ХДП сайлауалды шеру өткізіп жатқан Диярбакыр қаласында болған жарылыстар салдарынан үш адам қаза тауып, 200-ге жуық адам жараланған. Жарылыс орнында әуелі екі адам мерт болған. Кейін 17 жастағы бозбала ауруханада жарақатынан көз жұмған.
ХДП 7 маусымда өткен Түркия парламентіне сайлауда парламентке өтуге қажетті 10 пайыздық межеден асып 13 пайыз жинап, парламентке күрдтер мүддесін қорғайтын алғашқы партия болып кірген. Сайлауда президент Режеп Тайып Ердоғанның биліктегі "Әділет және даму" партиясы парламентте заң шығаруда басымдық беретін көпшілік орынға ие болуға қажетті дауыс жинай алмай қалған.
CNN-ге берген сұхбатында Демирташ ХДП партиясына қарсы жарылыстарды Сирия мен Ирактың көпшілік бөлігін басып алған "Ислам мемлекеті" ұйымымен "байланысы бар" адамдар ұйымдастырды деді.