Израиль Иранның АҚШ-пен және басқа әлемдік бес державамен арадағы келіссөзіне тыңшылық жасағанын жоққа шығарды.
"Израильдің Иран келіссөзіне киліккені туралы барлық ақпарат негізсіз" деп мәлімдеді Израиль сыртқы істер министрінің орынбасары Ципи Готовели Изариль армиясы радиосынан.
Бұған дейін ресейлік Kaspersky Lab компьютер қауіпсіздігі компаниясы Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөз өткен қонақүйдегі компьютерлік желілерге компьютер вирустарын қолдану арқылы хакерлік шабуыл жасалмақ болғанын хабарлаған.
Kaspersky мен америкалық компьютер қауіпсіздігімен айналысатын Symantec компаниясы бұл вирустың бұған дейін анықталған Duqu деп аталатын тыңшылық жасайтын бағдарламасын таратқанын айтқан. Интернет қауіпсіздігі жөніндегі сарапшылар Duqu бағдарламасын Израиль жасап шыққан деп санайды. Иран мен әлемдік алты держава - АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия арасындағы келіссөз Женева, Лозанна, Монтре, Мюнхен және Венада өткен.
Швеция мен Австрия билігі келіссөзге қатысқан делегаттар мен олар түскен қонақүйлерге кибер шабуыл жасалғанына қатысты тексеру жүргізіп жатыр.
Келіссөздегі Иран өкілі Иран мемлекеттік телеарнасына "тыңшылық жасалғанына" "таңданбайтынын", бірақ келіссөзге қатысушылар өз құпияларын мұқият сақтайтынын айтты. "Бұл келіссөзге қастық қылатындар бар. Ол әсіресе келіссөздің табысты болғанын қаламайтын синоистік режим" деген Иран өкілі.
АҚШ делегациясы да келіссөзге қатысты құпия ақпараттың ұрланбағанына сенімді екенін білдірді. АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джефф Ратке "Біз келіссөздегі құпия мәліметтер мен талқылаулар жабық есіктен бері шықпайтындай қадамдар жасадық" деп мәлімдеді.