Accessibility links

Қарашығанақ газын Ресейге тасымалдау 2038 жылға дейін ұзарды


Karachaganak Petroleum Operating B.V. компаниясы құрамына кіретін British Gas, ENI, Chevron мен ресейлік "Лукойл" және қазақстандық "ҚазМұнайГаз" компаниялары эмблемасы. (Көрнекі сурет).
Karachaganak Petroleum Operating B.V. компаниясы құрамына кіретін British Gas, ENI, Chevron мен ресейлік "Лукойл" және қазақстандық "ҚазМұнайГаз" компаниялары эмблемасы. (Көрнекі сурет).

Ресейлік "Газпром" компаниясы Karachaganak Petroleum Operating B.V. (KPO B.V.) компаниясымен Қарашығанақ газ конденсаты кенішінен 2038 жылға дейін газ сатып алу-сату туралы ұзақ мерзімді келісімді ұзарту келісіміне қол қойды.

"Газпром" баспасөз қызметінің хабарлауынша, компания басқарма төрағасының орынбасары Александр Медведев пен Karachaganak Petroleum Operating B.V. компаниясының бас директоры Ренато Мароли кеше Астанада Қазақстан-Ресей бірлескен "КазРосГаз" кәсіпорны мен KPO B.V. арасындағы Қарашығанақ кенішінен жылына тоғыз милилард текше метрге дейін газ сатып алу туралы келісімге қол қойған.

"Келісімде Орынбор газ өңдеу зауытына қосымша 120-135 миллиард текше метрге дейін газ экспорттауға кепілдік беріліп, Қазақстанның ішкі нарығына айырбас түрінде ұзақ мерзімді газ тасымалдауды қамтамасыз ету қарастырылған" делінген хабарламада.

Батыс Қазақстан облысының Ақсай ауданында орналасқан Қарашығанақ газ кенішін KPO B.V. консорциумы игереді. Компания құрамына британдық British Gas компаниясы, италиялық ENI және америкалық Chevron компаниясы мен ресейлік "Лукойл" және қазақстандық "ҚазМұнайГаз" компаниясы кіреді.

KPO B.V. мен "КазРосГаз" кәсіпорны арасында Қарашығанақ газын сатып алу-сату туралы ұзақ мерзімдік келісімге 2007 жылы қол қойылған.

XS
SM
MD
LG