АҚШ-та Қырғызстан азаматы, Бостон марафонындағы жарылыстарды ұйымдастырды деп сотталған Джохар Царнаевтың досы Хайрулложон Матанов "жарылысқа қатысты істі тергеуде жалған куәлік берді" деген айыппен екі жарым жылға сотталды. Сот үкімі маусымның 18-інде Массачусетс федералдық сотында оқылды.
Такси жүргізушісі болған Матанов жарылыстардан төрт күннен кейін полицияға барып, ағайынды Джохар және Тамерлан Царнаевтарды ақпарат құралдарында тараған фоторобот арқылы танығанын айтқан. Бірақ тергеушілер ол Царнаевтармен бұрыннан таныс болса да олармен аса таныс емесін айтып, билікті жаңылыстырды дейді. Кейін Матановтың терактіден бірер сағаттан соң Царнаевтарды мейрамханаға шақырғаны анықталған.
Хайрулложон Матанов соттағы соңғы сөзінде "Мен Федералдық тергеу бюросын алдағаным үшін кешірім сұраймын. Мен террористерді ұнатпаймын" деді. Билік Матанов Царнаевтардың теракті жасау жоспарын расымен білмеген, бірақ оның жалған куәлік беруі тергеушілердің уақытын жоғалтты дейді.
Матанов 2014 жылдың мамырында тұтқындалған.
Судья Матанов адвокатының оны оқуын жалғастыра алуы үшін жалпы режимдегі колонияға орналастыру өтінішін қанағаттандырды.
Джохар Царнаевтың серіктері - Қазақстан азаматтары Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов, америкалық Робел Филлипос осы айда "соттың әділ өтуіне кедергі келтірді" деген айыппен үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімдерге сотталған. Негізгі айыпкер Джохар Царнаев өлім жазасына кесілген.
2013 жылы сәуірдің 15-і күні Бостон қаласында дәстүрлі түрде өтетін марафон кезінде екі жарылыстан 3 адам мерт болып, 260-тан аса адам жараланған еді. Арада бірнеше күн өткесін полиция жарылысты ұйымдастырушы ретінде күдіктіге айналған ағайынды Тамерлан (26 жаста болған) мен Джохар Царнаевтардың ізіне түскен. Бостон полициясының мәліметі бойынша, Тамерлан сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшқан, ал Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түскен.