Accessibility links

"Талибан" Кабулде парламент ғимаратына шабуылдады


Ауғанстан қауіпсіздік күштері "Талибан" жасағы шабуылынан кейін парламент маңында тұр. Кабул, 22 маусым 2015 жыл.
Ауғанстан қауіпсіздік күштері "Талибан" жасағы шабуылынан кейін парламент маңында тұр. Кабул, 22 маусым 2015 жыл.

Ауғанстанда бүгін бірнеше жанкешті содыр мен "Талибан" мүшесі парламент ғимаратына шабуыл жасады. "Талибан" Ауғанстанның солтүстігінде соңғы екі күнде осымен екінші рет шабуыл жасап отыр.

Кабул полициясы өкілі Ибадулла Каримидің айтуынша, жанкешті мінген көлік парламент ғимаратының қасында жарылып, парламент жанындағы ғимаратқа бірнеше содыр басып кірген.

Ауғанстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Седик Седикидің сөзінше, қауіпсіздік күштері содырларды ол ғимараттан ығыстырып шығарып, олар ақыр соңында сол маңдағы салынып бітпеген басқа бір ғимаратқа барып тығылған. Бұдан соң полиция ол ғимаратты қоршауға алған. Министрлік мәліметінше, парламент депутаттарына қауіп төніп тұрған жоқ.

"Талибан" өкілі Забиулла Муджахид шабуылды өз ұйымы мойнына алатынын мәлімдеді. Муджахидтің айтуына қарағанда, шабуыл депутаттарға жаңа қорғаныс министрі қызметіне үміткер ұсынылатын күні жасалып отыр.

Бүгін "Талибан" жасақтары елдің солтүстігіндегі Құндық уәлаятының Дашти Арчи ауданын бақылауға алған. Кеше жүздеген содыр көршілес Чардара ауданын басып алған еді.

Халықаралық қауіпсіздік күштерінің елден әкетілуі мен АҚШ күштерінің әуе шабуылдарының азаюы "Талибан" жасақтарына Ауғанстанның бірнеше маңызды уәлаятында ірі терактілер жасауға мүмкіндік тудырған.

Сәуір айында "Талибан" экстремистік тобы үкімет пен шетелдік өкілдіктер нысандарына шабуылды арттырып, белсенділігін күшейткен. Таяуда "Талибан" жасақтары Ауғанстан діни басшылығының мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында шабуылды тоқтату туралы үндеуін қабылдамай тастаған.

XS
SM
MD
LG