Accessibility links

Өзбекстанмен шекарада ОҚО тұрғыны оққа ұшты


Шекара сызығы. (Көрнекі сурет).
Шекара сызығы. (Көрнекі сурет).

Қазақстанның Өзбекстанмен шекарасында Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) тұрғыны оққа ұшты деп хабарлайды жергілікті ақпарат құралдары. Оқиға 29 маусымға қараған түні Сырдария өзені аумағында болған. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, Өзбекстан шекарашылары ескертусіз оқ атқан.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) шекара қызметінің баспасөз қызметі атыс туралы ақпарат Сарыағаш шекара отрядының шекаралық нарядынан 28 маусым күні кешке түскенін айтады. "Оқ атылды деген орынға барған шекарашыларымыз өзен жағасынан моторлы қайық пен балық аулау құралдарын және екі адамның денесін тапты. Олардың біріне оқ тиіп, жансыз қалғаны анықталды" дейді шекара қызметінің баспасөз қызметі.

ҰҚК шекара қызметінің дерегінше, Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің шекара әскері Қазақстанның екі азаматы Өзбекстан территориясында балық аулағанын хабарлаған. Тірі қалған қазақстандыққа сілтеме жасалған хабарламада оқ атылған адамдардың балықты "Сырдария өзенінің орталығында, яғни мемлекеттік шекара сызығында аулағаны" айтылады.

"Шекара қызметі Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі шекара қызметінің өкілдерімен кездескенінде өзбек шекара қызметінің оқ атқаны расталды" делінген ақпаратта. Қазір екі елдің шекара қызметі оқиғаны тексеріп жатыр. Қазақстан азаматының өліміне байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған.

XS
SM
MD
LG