Accessibility links

ЕО саммиті Грекия мәселесін қарайды


Грекия парламенті алдында өткен жиынға қатысушылар ұстап тұрған Грекия мен Еуропа Одағы тулары. Афина, 18 маусым 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Грекия парламенті алдында өткен жиынға қатысушылар ұстап тұрған Грекия мен Еуропа Одағы тулары. Афина, 18 маусым 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Еуропа одағы елдері басшылары Брюссельде бүгін Грекияның қаржы жағдайына арналған саммитте бас қосады. Жиын бірталай уақыттан бері халықаралық кредиторлар шартын орындаудан бас тартып келген Грекияға қаржылай көмек беру мәселесіне арналмақ.

Бұған қатысты түпкілікті шешім Еуротоп (еуро аймағы елдері қаржы министрлерінен тұрады) ұсынысы мен Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас ұсынған реформалар жоспары негізінде қабылданбақ.

Сенбі күні бұл проблеманы шұғыл жағдайда талқылаған Еуротоп Грекия қайтадан Еуропа одағының сеніміне ие болуы және жаңа кредиттерге қол жеткізуі үшін қосымша күш-жігер танытуы тиіс деп мәлімдеген.

Еуротопқа енетін қаржы министрлерінің барлығы Афина сенімнен айрылып отырғанын айтады. Дегемен, Еуропа одағындағы кейбір ақпарат көздерінің айтуынша, апта соңында тараптар консенсусқа келуі мүмкін деген де болжам бар.

Бұған дейін бейсенбі күні Ципрас ұсынған бюджеттің шығыс бөлігін қысқартуды көздейтін реформалар жоспарын сенбіде грек парламенті мақұлдаған. Бірақ биліктегі «Сириза» партиясынан сайланған депутаттардың үкімет жоспарымен келіспейтін бөлігі егер премьер-министр халықаралық кредиторлардың барлық шартын орындауға келісетін болса, онда Ципрасты қолдаудан бас тартатындарын мәлімдеген.

Шілденің басында Грекия халықаралық валюта қорына 1,5 миллиард еуродан аса көлеміндегі несие берешегін төлей алмай қалған соң Еуропалық қаржы тұрақтылық қоры (EFSF) Грекияны төлемге толық қабілетсіз мемлекет деп жариялаған.

XS
SM
MD
LG