Accessibility links

Порошенко парламентке Донбассқа ерекше мәртебе беруді ұсынды


Украина президенті Петр Порошенко.
Украина президенті Петр Порошенко.

Украина президенті Петр Порошенко парламентке конституцияға елдің оңтүстік-шығысындағы облыстарға автономия беру туралы өзгерістер енгізу жобасын ұсынды.

Украина парламенті - Жоғарғы Раданың хабарлауынша, жобада Донецк мен Луганск облыстарына ерекше аймақ мәртебесін беру ұсынысы бар.

"Украинская правда" басылымының 16 шілдеде хабарлауынша, Порошенко конституцияға өзгеріс енгізу ұсынысын 15 шілдеде Киевке АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Виктория Нуланд сапармен келіп кеткеннен кейін жасап отыр.

АҚШ пен Франция және Германия басшылары бұған дейін Порошенконы конституцияға Минск келісімі бойынша Донбасстың кейбір аймақтарына өзін-өзі басқару құқығын беру туралы өзгерістер ұсынуға шақырған.

Ресей Украина шығысында бейбітшілік орнауына Киевтің Минск келісімі бойынша өзіне алған міндеттерін орындауға құлықсыздық танытуы кедергі болып отыр деген.

Порошенко конституцияға билікті орталықсыздандыру туралы өзгерістер енгізу жобасын 1 шілдеде ұсынған. Бірақ онда Донбассқа ерекше мәртебе беру ұсынысы болмаған.

Украина парламентінің вице-спикері Оксана Сыроед 16 шілдеде Facebook-тегі парақшасында украиналық депутаттарға "Минск келісімінің орындалып жатқанын көрсету үшін Донбассқа автономия беру мәселесінде "әлемдік қауымдастық" тарапынан "қатты қысым жасалып жатқанын" жазды.

XS
SM
MD
LG