Accessibility links

Бішкекте өлген күдіктінің туыстары оның сүйегін сұрады


Күдіктілерге қарсы арнайы операция өткен жерде жатқан атылған оқ гильзалары. Бішкек, 17 шілде 2015 жыл.
Күдіктілерге қарсы арнайы операция өткен жерде жатқан атылған оқ гильзалары. Бішкек, 17 шілде 2015 жыл.

Бішкекте арнайы операция кезінде қаза тапқан күдіктілердің бірінің туыстары оның сүйегін өздеріне беруді сұрап Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) алдына жиналған. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясы хабарлады.

Шілденің 17-сі күні қырғызстандық күш құрылымдары жүргізген арнайы операция барысында қаза болған «содырлардың» бірі Тариэль Жұмағұлов (лақап аты – «Тоха») деген ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі бар деп хабарланған. Азаттыққа туыстары марқұмды туған ауылында жерлеуге қамданып жатқандарын айтқан.

Бұған дейін ҰҚМК Бішкекте террорлық ұйымдармен қатысы бар деген күдікке ілінген бірнеше адам арнайы операция барысында қаза тапқаны, олардың арасында Қырғызстанда жазасын өтеп жатқан жерінен қашқан Қазақстан азаматы Жанболат Әміров те болған деп мәлімдеген. Қырғыз арнайы қызметі Әміров басқаратын топтың «Қырғызстанда бірнеше теракт жасауды, оның ішінде елдің солтүстігіндегі Ресей жалға алған Қант әскери базасында және Бішкекте айт намазы кезінде жарылыстар жасауды жоспарлағанын» айтқан.

Бішкекте осы аптада жүргізілген бірнеше арнайы операция барысында қарулы қарсылық көрсеткен төрт адам қаза тауып, жетеуі ұсталған, олардан үлкен көлемде қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш заттар табылған деп хабарлаған қырғыз билік орындары.

Жұма күні Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Қырғызстанда жергілікті күш құрылымдары жүргізген операциялар барысында қаза тапқан Қазақстан азаматтары Жанболат Әміров пен Альберт Абхин «Қазақстанда террорлық ұйым құрмаған және басқармаған» деген ақпарат таратты.

Әміров пен Абхин былтыр Қырғызстанда «шекараны заңсыз кесіп өту» және «жалған құжат жасау» айыптарымен үш және төрт жылға сотталған. Маусым айында оларға қоныстандыру колониясынан қашып кетті деп іздеу жарияланып, шілденің басында қырғыз арнайы қызметі ұстамақ болған кезде Абхиннің өзін-өзі жарып жібергені туралы хабарланған. Кейін Абхиннің туысы оның сүйегін Қазақстанға алып қайтқаны туралы Азаттыққа айтқан еді.

XS
SM
MD
LG