Грузия астанасында сенбі күні өткен Ресейге қарсылық шеруіне бірнеше мың адам қатысқан.
Жиында сөйлегендер Ресейді Абхазия және Оңтүстік Осетияға «басқыншылық саясатын жүргізіп отыр» деп айыптаған. Тбилисидегі үкімет үйі маңына жиналғандар «дұшпанмен әріптестікті доғару» туралы талап жазылған плакаттар ұстап шықты.
«Біз бұл жерге 21-ғасырда Ресейдің жүргізіп отырған басқыншылық саясаты – анахронизм екенін көрсету үшін келдік» деп мәлімдеген Franss Press агенттігіне қарсылық акциясын ұйымдастырушылардың бірі Тамара Черголеишвили.
«Интерфакстің» ақпараты бойынша, шеруге оппозициялық «Ұлттық қозғалыс» (экс-президент Михаил Саакашвилидің партиясы) белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және журналистер қатысқан.
Бұған дейін Грузия сыртқы істер министрлігі Ресей тарабына Оңтүстік Осетиямен шекараны біржақты демаркациялауға байланысты Швейцария елшілігі арқылы наразылық нотасын жіберген. Демаркациядан соң Баку-Супса мұнай құбыры Грузия даулап отырған жерде қалып қойған. Мәскеу бұны жоққа шығарады.
Ресей 2008 жылы Грузиямен арасында болған қарулы жанжалдан соң Абхазия мен Оңтүстік Осетияның «тәуелсіздігін» таныған. Ресейден өзге санаулы елдер ғана Грузиядан бөлінетінін мәлімдеген екі аймақтың «тәуелсіздігін» мойындаған.
Грузия болса Абхазия мен Оңтүстік Осетияны Ресей заңсыз басып алған өз аймағы санайды.