Accessibility links

Алматыдағы сел жұртты әбігерге салды


Тасқыннан зардап шеккен Қарағайлы елді мекені. Алматы, 23 шілде 2015 жыл.
Тасқыннан зардап шеккен Қарағайлы елді мекені. Алматы, 23 шілде 2015 жыл.

Бүгін таң алдында Алматының Наурызбай ауданында сел жүріп, бірқатар елді мекендерде үйлерді тасқын су басқан. Төтенше жағдай қызметі сел қайталануы мүмкін деген хабарды жоққа шығарды.

Алматы қалалық әкімдігінің мәліметі бойынша, 23 шілде таң алдында Наурызбай ауданы аумағында сел жүрген.

"Түнгі сағат үште Қарғалы өзенінде су деңгейі көтерілгені туралы хабар түсті. Тасқыннан Алматының іргесіндегі Каменка мен Қарағайлы ауылдарының, Наурызбай ауданында біраз үйлерді су алған" деп мәлімдеді Алматы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерлан Нұрпейісов.

Ресми мәлімет бойынша, Қарғалы өзені бойында орналасқан аймақтардан 200-ден аса адам эвакуацияланып, 176-мектеп және Наурызбай аудандық әкімдігіне орналастырылған.

Алматының шетіндегі Іргелі мен Алғабас ауылдары және тағы бірқатар елдімекендерде сел туралы суыт хабардан дүрліккен тұрғындар үйлерін тастап, сыртқа қашқан.

"Алматы-Тараз" жолы бойында тұрған адамдар:

Селден дүрліккендер
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:35 0:00

Азаттық тілшісі Алматы-Тараз автокөлік жолындағы "Алтын Орда" базары маңында жүздеген көлік кептелісте тұрғанын көрді.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті селден мерт болған адамдар жоқ деп хабарлады.

Департамент өкілі Ерлан Нұрпейісов әлеуметтік желіде тараған "су тасқыны қайталануы мүмкін" деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Тек су деңгейі көтерілген, бөгенге зақым келмеген. Екінші рет сел жүру қаупі жоқ, жағдайды бақылап отырмыз" деген .

ТЖД оқиға орнында 400-ден аса құтқарушы мен 85 техника жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің бейсенбі күні жариялаған мәліметі бойынша, Алматыдағы Қарғалы өзені бойындағы қауіпті аймақтан 900-ге жуық адам эвакуацияланған.

Тасқында қалған Қарағайлы ауылы:

Тасқында қалған Қарағайлы ауыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:39 0:00

СЕЛДЕН ҮШ АУДАН ЗАРДАП ШЕККЕН

Алматының Наурызбай ауданы әкімі Қуаныш Қашқымбаев бейсенбі күні брифингте селден зардап шеккен тұрғындар материалдық жәрдем сұрап жергілікті тиісті орындарға өтініш бере алатыны туралы мәлімдеді.

«Әрбір зардап шеккен адам заңға сәйкес 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық көмек сұрап әлеуметтік жәрдем орындарына өтініш бере алады. Басқа материалдық шығындар су тараған соң есептеледі. Егер мүліктер сақтандырылған болса, оған төлем мәселесін сақтандыру компаниялары шешеді. Наурызбай ауданын ұлттық гвардия толық күзетке алды. Ұрлық-қарлыққа жол берілмейді» деген әкім.

Сел жүрген Қарағайлы елді мекені. Алматы, 23 шілде 2015 жыл.
Сел жүрген Қарағайлы елді мекені. Алматы, 23 шілде 2015 жыл.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, салдарынан Алматыдағы Наурызбай, Әуезов және Алатау ауданында орналасқан бірқатар тұрғын үйлерді су басқан. Әсіресе Наурызбай ауданы көбірек зардап шеккен.

2014 жылы қыркүйекте Алматының құрамында жаңадан сегізінші аудан болып құрылған, қаланың батыс бөлігін қамтитын бұл аудан аумағындағы тұрғын-жайдың дені – жер үйлер.

Тасқыннан зардап шеккен Қарағайлы ауылынан видео:

Қарағайлыдағы сел зардабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:45 0:00

«Қарғалы өзенінде су деңгейі түскен соң тасқыннан қатты зардап шеккен Наурызбай ауданындағы тұрғын үйлерді аралап, келген шығын көлемі есептеледі» деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Юрий Ильин шілденің 23-і күнгі брифингте.

Оның сөзінше, Алматыда селге Қарғалы өзеніндегі бөгеттің жоғары жағында, яғни тау ішіндегі еріген мұздық пен жаңбырдан жиналған көлшік суының көтерілуі себеп болған.

Сел өткен Қарағайлы елді мекені тұрғындары. Алматы, 23 шілде 2015 жыл.
Сел өткен Қарағайлы елді мекені тұрғындары. Алматы, 23 шілде 2015 жыл.

«Күннің қатты ысуынан Қарғалы мұздығының астындағы аты жоқ көлшік суы көбейіп, көлемі 40 мың текше метрге жеткен. Салдарынан көл табанын бұзып аққан судың негізгі массасын Қарғалы өзенінің су бөгеті ұстап қалған. Бөгет бұзылған жоқ. Қазір суды екі шлюз арқылы төмен қарай ағызып жатыр» деген Юрий Ильин.

Ол қазір Қарғалы өзенінде су деңгейі жоғары қалып отырғанын, су секундына 10-12 метр жылдамдықпен ағып жатқанын хабарлады.

Құрметті оқырман, Алматыдағы тасқынға қатысты жұртпен бөлісер ақпаратыңыз болса, Азаттық веб-сайтына WhatsApp арқылы +7 777 328 3888 нөміріне жазбаша хабарлар, фотосуреттер, аудио және видеолар жіберуге мүмкіндік барын еске саламыз.

XS
SM
MD
LG