Accessibility links

Ұсталған "Махаббат" кешені тұрғындары босатылды


"Махаббат" және "Махаббат-2" тұрғын үй кешені тұрғындарын полиция ұстап әкетіп барады. Астана, 23 шілде 2015 жыл.
"Махаббат" және "Махаббат-2" тұрғын үй кешені тұрғындарын полиция ұстап әкетіп барады. Астана, 23 шілде 2015 жыл.

Астанадағы Жоғары соттың алдында қарсылық шарасын ұйымдастырмақ болып ұсталған "Махаббат" және "Махаббат-2" тұрғын үй кешенінің 17 тұрғыны полиция босатты.

"Махаббат" тұрғын үйінің тұрғыны Айнұр Хасенованың айтуынша, қарсылық білдірушілер Сарыарқа аудандық сотының тұрғын үй кешенінен оннан астам отбасыны шығару туралы шешіміне қарсылық білдірмек болған.

Ұсталғандардың бірі Светлана Шелгібаева Азаттық тілшісіне "мені және үш адамды министрлер үйіне қарай өтіп бара жатқанда, 13 адамды Жоғары сот ғимаратының алдында ұстады. Ұсталғандардың жартысы Сауран көшесіндегі полиция пунктінде, қалғаны Есіл аудандық полиция бөлімінде болды" деді телефон арқылы.

Бір сағаттан аса уақыттан кейін полицей ұсталғандардан бүгін қарсылық шарасын ұйымдастырмайтындары туралы қолхат алып босатқан.

16 шілдеде "Махаббат" және "Махаббат-2" тұрғын үй кешендеріндегі даулы пәтерлердің 20 шақты тұрғыны қаладағы орталық жолдардың бірі - үкімет ғимараттары маңындағы Орынбор даңғылын жаппақ болған. Наразы тұрғындар өздерінің баспана мәселесіне биліктің назарын осылайша аудартпақ болған.

XS
SM
MD
LG