Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты Амангелді Таспихов Орал қаласының орталығындағы ескерткіштің тұғырын соққан көлік рөлінде өзі болғанын мәлімдеді. Жол-көлік оқиғасы 26 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 16 шамасында болған. Volkswagen Passat көлігі Мәметова көшесіне шығып кетіп, қоршауды, бордюрді бұзып өтіп, гүлзарды басып Мәншүк Мәметованың ескерткіші тұғырына шығып кеткен. Оқиғадан ешкім зардап шекпеген.
- Бұл рас. Болар іс болды, не айтам. Рөлде өзімді нашар сезіндім. Әрине, заң бойынша жауап беруге тиістімін. Сау болдым. Айыппұл төлейтін шығармын, - деді Таспихов Азаттық тілшісіне.
Бұған дейін Таспихов жергілікті "Уральская неделья" газеті мен "Мой город" порталына қан қысымы артып кеткенін және оқиға кезінде есінен танып қалған болуы мүмкін екенін айтқан.
Облыстық жол полициясы басқармасы әзірге жол-көлік оқиғасына қатысты комментарий бермеді.
55 жастағы Амангелді Таспихов 1998 жылдан 2002 жылға дейін парламент сенатының депутаты, 2004-2007 жылдары мәжіліс депутаты болған.