Accessibility links

Металлургтер жалақыны азайтуға қарсы қол жинай бастады


"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының темір құю цехы. (Көрнекі сурет).
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының темір құю цехы. (Көрнекі сурет).

Теміртауда "АрселорМиттал Теміртау" компаниясында жұмысшылардың тамыздың 1-інен бастап жалақыны 25 пайызға қысқартуға қарсы ұсыныстары мен қолы жинала бастады. Бұл туралы Азаттыққа жұмысшылар хабарлады. Қол жинау туралы ақпаратты металлургтердің "Жақтау" кәсіподағы да растады.

- Біз үндеуді кәсіподақ қана жазып, оған барлығы қол қойғаны емес, жұмысшылардың өздері жазғаны дұрыс дедік. Әрбір цех пен әрбір жұмысшы өзі қажет деп санайтын тілегін жаза алады. Біз жұмысшылардан өздерінің бас директорға нендей ұсыныс айтқысы келетінін жазуды сұрадық. Шығынды басқа да жолдармен қысқартуға болады ғой. Қысқартуға болатын басқа да шығындар бар, - деді кәсіподақ төрағасы Виктор Щетинин Азаттыққа.

Щетининнің сөзінше, металлургтер мен көмір өндірушілер кәсіподағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы басшылығымен күнде кездесіп, проблеманы талқылайды.

Көмір өндірушілердің "Қорғау" кәсіподағының төрағасы Марат Мирғаязов Азаттыққа компанияға айтылған ұсыныстардың бірі - жұмысшылардың жалақысы емес, компанияның жалпы шығындарын азайту болғанын айтады.

Жұмысшылар бұған қоса барлық қызметкерлердің, оның ішінде кәсіпорындардың келісім-шартпен жұмыс істейтін бірінші басшыларының жалақысы бірдей қысқара ма әлде тек қатардағы жұмысшылар жалақысы ғана азая ма дегенді білгісі келеді.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының баспасөз қызметі Азаттыққа компания басшылығы бүгін Астанадағы жиынға кетіп қалғанын айтты. Бірақ Астанада нақты қандай мәселе қозғалатыны және ымыраластыққа қол жеткені айтылмады.

Өткен аптада "АрселорМиттал Теміртау" жұмысшылары жалақысын 25 пайызға қысқартатынын хабарлаған. Компания бұған "нарықтағы жағдайдың қиындығы себеп" дейді.

XS
SM
MD
LG